Голосовой помощник


На сайте присутствует голосовой помощник вам необходимо выделить текст и нажать на кнопку громкости

Маалымат-борбору

Halyk Bank ипотеканы жаңа талаптармен қайта қаржыландырудың мемлекеттік бағдарламасын әрі қарай жүзеге асыру үшін 20 млрд теңгеден астам қаражат алды

13.05.2024

Алматы, 2018 ж. 18 шілде — «Қазақстан Халық Банкі» АҚ (бұдан әрі — Банк) ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландырудың мемлекеттік бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) жүзеге асыру үшін 20 жыл мерзімге 20,255 млрд теңге сомасына мақсатты транш алды. Банктің бағдарламаға қатысуы туралы тиісті келісімге «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ қол қойды.

ҚР Ұлттық Банкінің қаулысы[1] негізінде 2015 жылдың көктемінде іске қосылған бағдарлама - ипотекалық қарыздар бойынша берешекті өтеуге қиналатын қазақстандық заемшыларға шетел валютасымен берілген ипотекалық қарыздардың төлемдерін төлеу проблемаларын шешуге бағытталған. Бұл үшін Бағдарлама 2018 жылғы 18 тамыздан кейін валютаны теңгеге ауыстыра отырып қайта қаржыландырылған валюталық қарыздарды қосқанда, барлық ипотекалық қарыздар бойынша заемшылардың ең көп ықтимал саны үшін төлемдердің талаптарын жеңілдетуді көздейді. Бағдарламаны жүзеге асырудың арқасында экономиканы долларландыру және проблемалы кредиттердің деңгейлерін төмендетуді қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

2018 жылы Бағдарлама талаптары, оларды елбасының Қазақстан халқына 2018 жылғы 10 қаңтардағы жолдауын жүзеге асыру бойынша іс-шаралардың жалпыұлттық жоспарының талаптарына сәйкес келтіру үшін кеңейтілген болатын.

Сонымен, 2004 ж. 1 қаңтардан бастап 2009 ж. 31 желтоқсан бойынша кезеңде алынған және заемшының жалғыз баспанасы болып табылатын жылжымайтын мүлік, жер телімі, тұрғын емес үй-жай түрінде кепілмен қамтамасыз етілген, Бағдарлама талаптарына сәйкес келетін банктік заемдар бойынша Бағдарламаның келесідей талаптары әрекет етеді:

  1. Валюталық қарыздар теңгеге айырбасталатын кезде ҚРҰБ 2015 жылғы 18 тамыздағы ресми бағамы қолданылады (1 АҚШ доллары үшін 188,35 теңге);
  2. Қарыз бойынша берешектің қалдығы кредит мерзімін 20 жылға дейін белгілей отырып, жылдығы 3%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша қайта қаржыландырылады;
  3. Заемшы қарызды қайта қаржыландыру туралы өтініш берілетін сәтте бағдарлама бойынша талап етілген мөлшерге дейін негізгі борыш қалдығын өтеген жағдайда, негізгі борыш қалдығының сомасы 36,47 млн теңгеден (немесе ҚРҰБ 2015 жылғы 1 қаңтар күнгі бағамы бойынша шетел валютасындағы баламасы) асатын қарыздар қайта қаржыландырылуға рұқсат етілген. Бұл ретте заемшының комиссиялар, тұрақсыздық айыбы (өсімақы, айыппұл) және пайыздық сыйақы (капиталдандырылған сомаларды қоса алғанда) бойынша берешек сомалары — ескерілмейді және қарызды қайта қаржыландыру кезінде есептен шығарылуы тиіс.

Мынадай критерийлерге жауап беретін шетел валютасындағы банктік қарыздар бойынша:

  • қарыз 2016 ж. 1 қаңтарға дейін алынса (валютаны 2015 жылғы 18 тамыздан кейін теңгеге ауыстырумен қайта қаржыландырылған қарыздарды қосқанда);
  • негізгі борыш сомасы 166,165 млн теңгеден аспаса (немесе ҚРҰБ 2018 жылғы 1 қаңтар күнгі бағамы бойынша шетел валютасындағы баламасы — 1 АҚШ доллары үшін 332,33 теңге);
  • қарыз бойынша кепілді қамтамасыз ету ретінде құрылысқа үлескерлікпен қатысу туралы шарт бойынша сатып алынған жылжымайтын мүлік, аяқталмаған тұрғын үйдегі үлес (пәтер) алынса;

— Бағдарламаның мынадай талаптары әрекет етеді:

  • валюталық қарыздар теңгеге айырбасталатын кезде ҚРҰБ 2015 жылғы 18 тамыз күнгі жағдай бойынша ресми бағамы қолданылады (1 АҚШ доллары үшін 188,35 теңге);
  • жылдығы 3%-дан аспайтын мөлшерлеме — «Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтары» санатына жататын заемшылар үшін (төмендегі критерийлерді қараңыз);
  • жылдығы 12%-дан аспайтын мөлшерлеме — заемшылардың келесі санаттары үшін (егер қолданыстағы банктік қарыз шарты бойынша сыйақы мөлшерлемесінің жылдығы 12%-дан төмен болса — қайта қаржыландыру кезінде ол ұлғайтылмайды).

ҚР 1997 жылғы 16 сәуірдегі № 94-I «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 68-бабына сай, халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына мыналар жатады:

  • мүгедектер мен Ұлы Отан соғысына қатысушылар;
  • мүгедектер мен Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген тұлғалар;
  • 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектер;
  • мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
  • Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен аурулар тізімінде тізбектелген кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар;
  • жасына қарай зейнетке шыққан зейнеткерлер;
  • оралмандар;
  • экологиялық апаттардың, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарынан үйлерінен айырылған адамдар;
  • көп балалы отбасылар;
  • жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жиырма жасқа толмаған балалар, кәмелет жасына дейін ата-анасынан айырылған балалар;
  • мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау кезінде, әскери қызметте, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындалу немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін сақтап қалу кезінде, құқық тәртібін қорғау кезінде (қаза) қайтыс болған адамдардың отбасылары;
  • толық емес отбасылар.

Қарызды қайта қаржыландыруға өтінімді беру үшін, заемшы Банктің тиісті бөлімшесіне (клиенттерден өтініштер қабылдайтын бөлімшелердің тізіміне сілтеме) қарызды қайта қаржыландыру туралы шешім қабылдау үшін қажетті құжаттар топтамасын ұсынуға тиіс.

Қарызды қайта қаржыландыру жөніндегі кредиттік өтінімді қарау үшін заемшының/қосарлы заемшының ұсынатын құжаттарының ең аз тізбесі:

  • заемды қайта қаржыландыру туралы өтініш;
  • заемшының/қосарлы заемшының/кепіл берушінің (олар қатысқан жағдайда)/заемшының/қосарлы заемшының/кепіл берушінің жұбайының (зайыбының) жеке басты куәландыратын құжаттары,
  • некені тіркеу туралы куәлік (егер некеде тұрса)/, кепіл берушінің ипотекалық тұрғын үй қарызын/ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру туралы өтінішті беретін сәтте некеде тұрмағанын/тұрмайтынын  нотариалды куәландырылған өтініші;
  • заемшының заңнамаға сәйкес халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына жатқызылуын растайтын құжаттар;
  • жылжымайтын мүлікті бағалау туралы тәуелсіз бағалаушының есебі (заңды күшіне енген сот шешімі бар проблемалы қарыздар бойынша және заемшылары қайтыс болған деп табылатын және мұрагерлеріне ресімделген қарыздар бойынша талап етіледі);
  • 2015 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының аумағында заемшыда және жұбайында (зайыбында) жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) болуы туралы анықтама (уәкілетті мемлекеттік органның анықтамасы);
  • Жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтары (ауыртпалықтары) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама (уәкілетті мемлекеттік органның анықтамасы);
  • Жылжымайтын мүлікке тіркелген және тоқтатылған құқықтары (ауыртпалықтары) туралы анықтама (уәкілетті мемлекеттік органның анықтамасы);
  • Банк өтінішті қарастыру кезінде сұрауы мүмкін өзге де құжаттар.

«Қазақстан Халық Банкі» АҚ баспасөз қызметі,
тел. +7 727 2 590 816
pr@halykbank.kz
www.halykbank.kz


[1] ҚР Ұлттық Банкі (ҚРҰБ) басқармасының 24.04.2015 ж. №69 қаулысы (27.03.2018г №59 өзгерістерді есепке алып).