Голосовой помощник


На сайте присутствует голосовой помощник вам необходимо выделить текст и нажать на кнопку громкости

Маалымат-борбору

Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін қаржыландыруға Халық банкі қосымша 1 миллиард теңге бөлді

13.05.2024

Алматы, 2018 ж. 19 қыркүйек — Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін қаржыландыру бағдарламасы бойынша жеңілдікті заемдерге қатысты қажеттілікті қанағаттандыруды көздей отырып, Халық банкі (бұдан әрі – Банк) барлық мақұлданған өтінімдерді орындау мақсатында қосымша 1 миллиард теңге қаржы бөлді. Осылайша, аталған бағдарламаны қаржыландыру көлемі 2 млрд. теңгеге дейін ұлғайды.

«Біздің еліміздегі әйелдер кәсіпкерлігінің ауқымды тарихи негізі бар, азық-түлік өнеркәсібі, бөлшек сауда, білім беру және медицина сияқты бірқатар салаларда қызмет ететін кәсіпкер әйелдер саны кәсіпкерлікпен айналысатын ер азаматтар санына тең, тіпті одан да асады, - деді өз сұхбатында Банк Басқармасының Төрайымы Үміт Шаяхметова. – Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігінің зор мүмкіндігін біздің статистика да растайды: бағдарлама бойынша жеңілдікті кредиттерге деген сұраныс және біздің тараптан мақұлданған өтінімдер саны бастапқыда жоспарланған деңгейден айтарлықтай жоғары болды. Бұл ретте ұсынылған бизнес-жоспарлардың сапасы сын көтерерлік, ал жобалар – қызықты әрі әлеуметтік маңызы бар істерге ұласуда. Біз, қазақстандық әйелдер арасында кәсіпкерлік белсенділікті қолдау мен дамытуға қатысты ауқымды әлеуметтік тапсырысты орындау мүмкіндігіне ие болып отырғанымызға қуаныштымыз».

Бастапқыда жарияланған 1 млрд. теңге көлеміндегі лимит мерзімінен бұрын, яғни ағымдағы жылдың тамыз айында иегерілді. Бағдарлама қолға алынған сәттен бастап (2018 жылғы маусымның аяғында) Банк мамандары 750-ге жуық кәсіпкер әйелдермен консультация жүргізді және олардың 249-ы кредит алуға өтінім берді. Бүгінгі таңда экономиканың медицина, сауда, көлік және тұрмыстық қызметтер сияқты түрлі салаларындағы бизнес-жоспарларды іске асыруға арналған 81 мақсатты заем берілді. 45 өтінімнің қаржыландырылуы мақұлданып, қажетті құжаттарды ресімдеу кезеңінен өтуде. Осыған қоса, әйел кәсіпкерлерден түскен 85 өтінім Банктің қарауында.

Бағдарлама талаптарына сәйкес кредиттер жаңа бастамаларды қоса алғанда, бизнестің кез келген түріне жылдық 5–7% мөлшерлемесі бойынша 5 жылға дейін мерзімге ұсынылады. Кредит алу үшін 6 ай бойы жұмыс істеп келе жатқан бизнестің болуы шарт.

Әйелдер тарапынан ұсынылатын бизнес-жобаларды қаржыландыру бағдарламасын Банк Басқармасының Төрайымы Үміт Шаяхметова ағымдағы жылдың маусымында өткен Қазақстан Іскер әйелдерінің конгресі барысында, Банк пен «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесі арасындағы меморандум бекітілгеннен кейін жариялаған болатын. Бірлескен бағдарламаның басты мақсаты – өндірісті арттыруға қосымша жағдай жасау және нарықтағы тауарлар мен қызметтерді арттыру, сондай-ақ өз ісін жүргізуді көздейтін нәзік жанды кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін әйелдер кәсіпкерлігінің субъектілеріне шағын кредит берудің тиімді жүйесін құру.